1991жылы 1 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген. 2012 жылы менеджмент мамандығы бойынша Халықаралық Бизнес Университетін (UIB) бітіріп, 2016 жылы Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-да «Кино және ТВ режиссурасы» мамандығы бойынша білім алып, өнертану ғылымдарының магистрі дәрежесін алады. Қосымша сөйлеу мәдениеті мен техникасы (оқытушы Гүлнар Каратаевна), актерлік шеберлік (оқытушы Осипова Лариса Александровна, М. Лермонтов атындағы Мемлекеттік Академиялық Орыс Драма Театрының актрисасы) және сахна тілін (оқытушы Дариға Тұранқұлқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, академик Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында сөз сөйлеу жанрының әртісі бөлімінің көркемдік жетекшісі) меңгереді.
Мектепте балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ұлан» республикалық газетінің жас тілшісі болған. Оралхан Бөкей, Абай, Мұқағали Мақатаев, басқа да көптеген қалалық және республикалық оқулардың лауреаты.
Еңбек жолын 2010 жылы МИР арнасындағы «Үш тілдің бірлігі» атты тілдерді үйренуге бағытталған бағдарламасының жүргізушісі ретінде бастаған. Кейін КТК арнасында спорт жаңалықтарын, Хабар арнасында халықтар достығын насихаттайтын «Бірлігіміз жарасқан», таңертеңгілік ақпараттық-сазды «Іске сәт» бағдарламасын, Ел Арнада «Қиындықпен қызық кеш» хабарын жүргізген.
Көптеген фестивальдер, мемлекеттік іс-шаралар мен концерттердің жүргізушісі. Атап өтетін болсақ: АЗИЯ ДАУЫСЫ музыкалық фестивалінің ашылу салтанаты (Алматы қ., МЕДЕУ, 2023 ж.), 11 мемлекет басшысының қатысуымен Азиядағы Өзара Іс-қимыл және Сенім Шаралары жөніндегі Кеңес(SIXTH CICA SUMMIT, Астана қ., 2022 ж.), «Алтын Самғау»Ұлттық Спорт Жүлдесі (2018 ж., 2019 ж., 2021 ж.), Халықаралық әскери ойындардың ашылу және марапаттау салтанаттары (Отар қ., 2021 ж.), Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылу салтанаты (Ташкент қ., 2019 ж.), «VoiceofAstana» фестивалінің аясында өткен Батырхан Шүкеновты еске алу кеші (Астана қ., «Сарыарқа» велотрегі, 2018 ж.), 2 мемлекет басшысының қатысуымен өткен Қазақстандағы Өзбекстан жылының ашылуына арналған салтанатты концерт (Астана қ., 2018 ж.), Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Саммиті (Астана қ., 2017 ж.) және т. б.
Қазақ тілін үйренгісі келетін жандар үшін тегін қазақша сөйлеу клубын ұйымдастырған.«Қазақша SpeakingClub» жобасының авторы.
Қазақстан Халқы Ассамблеясының және «Ассамблея Жастары» РҚБ төралқа мүшесі.
Бір баланың анасы. Бос уақытында кітап оқығанды және фортепианода ойнағанды ұнатады.