1984 жылдың 14 наурызында Ақтөбе облысы Қарабұтақ ауылында дүниеге келген. 2001-2005 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін, 2015 жылы Middlebury Халықаралық зерттеулер институтын (АҚШ, Калифорния), 2015 жылы Майами университетін (тілдік курстар) тәмамдаған.
Еңбек жолын «Эра» телеарнасында (қазіргі «7 арна») бастаған. 2005-2006 жылдар аралығында қазақ-орыс тілдерінде «Жаңалықтар» жүргізушісі, «Арман қала» мәдени-танымдық хабарының авторы әрі жүргізушісі, «Руханият» хабарының жүргізушісі болды
2006 жылдан бастап «Qazaqstan» телеарнасында қызмет етеді. «Aqparat» бағдарламасының жүргізушісі. 2010-2011 жылдар аралығында «Қазақтың 100 әні» тележобасын, 2020 жылы «Ниет» әлеуметтік ток-шоуын жүргізді.
2013 жылы Астана қаласында, ал 2018 жылы Ақтөбеде «Гүлназ Әлімгерейдің мектеп-студиясын» ашты. 2021 жылы «Егіз-лебіз» музыкалық жобасына қатысты.
«Шабыт-2006» халықаралық жастар байқауында «Журналистика» номинациясы бойынша Астана әкімінің арнайы сыйлығын иеленді. «Жыл тележүргізушісі-2010», «Миссис Қазақстан-2010», «Әлем аруы-2010» байқауларына қатысты. «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты (2012 жылы), ҚР Президентінің «Болашақ» стипендиясының иегері (2015 жылы).
Үлкен теннис ойнағанды ұнатады. Қорқынышы - дайвинг.